Намазалы Омашұлы Омашевтың 70 жасқа толуына арналған «Еліміздің медиа кеңістігі: ізденістер мен жобалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

2019 жылдың 31 қаңтарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, халықаралық ORBICOM ұйымының мүшесі, UNESCO профессоры, теоретик ғалым, публицист Намазалы Омашұлы Омашевтың 70 жасқа толуына арналған «Еліміздің медиа кеңістігі: ізденістер мен жобалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Конференция медиакеңістігіміздің бүгінгі хал-ахуалына баға беру, отандық журналистиканың өзекті мәселелері мен келешек даму беталысын айқындау, сондай-ақ нақты шешілу жолдарын қарастыруға бағытталып отыр.

Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағы, Республикалық БАҚ басшылары мен танымал журналистер, сондай-ақ Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдері шақырылып отыр. Қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым мен профессор-оқытушылар құрамы да ғылыми шараның құрметті қонақтары.

Аталған конференция аясындат әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің бекітуімен, «Өнегелі өмір» сериясы аясында жарық көрген Намазалы Омашұлы тұлғасына арналған кітаптың тұсаускесері өткізіледі. Сонымен бірге университеттің «Күлтегін» атриумында ғалым еңбектерінің арнайы көрмесі де ұйымдастырылмақ.

Өткізу орны: Нұр-Сұлтан қаласы, Сәтпаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимараты, 208 аудитория

Басталу уақыты: 10.00