«Өзіңнің шығармашылық бизнесіңді баста және дамыт» курсы

2019 жылдың 11-12 ақпан аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Доктор Эндрит Кромидха (Бирмингем университеті, Ұлыбритания) «Өзіңнің шығармашылық бизнесіңді баста және дамыт» атты курсын жүргізеді. Доктор Эндрит Кромидха – кәсіпкерлік және инновация саласы бойынша аға оқытушы, доцент. Оның ғылыми бағыттары кәсіпкерлік, жобаларды басқару, краудфандинг, бірлескен инновация мен қаржыландыруға қол жеткізуге арналған сандық платформалармен байланысты.

Эндрит Кромидха Ұлыбритания, Сингапур және Гонконг елдеріндегі MBA, магистратура және бакалавриат бағдарламаларында кәсіпкерлік және инновация мәселелері бойынша оқыту мен басқаруда тәжірибелі маман. Сонымен қатар, Э.Кромидха британдық Менеджмент Академиясының мүшесі, оның банк, азаматтық қоғам ұйымдары және электрондық бизнес саласында үлкен тәжірибесі бар.

Шығармашылық факультетінің студенттері үшін ол арнайы 5 курс әзірледі: Шығармашылық бизнесті құру, Зияткерлік меншік және маркетинг, Шығармашылық ұжымдар мен жобалар, Қаржы және инвесторлар, Корпоративтік серіктестерге арналған фриланс. Бұл курстардың мақсаты – шығармашылық талантты тұлғаларға іскерлік әлемде табысқа жетуіне, зияткерлік меншікті дамытуға және қорғауға, жаһандық топтық жобаларда жұмыс істеуге, жергілікті және корпоративтік клиенттермен бірлесіп жұмыс істеуіне және пайдасын арттыруға мүмкіндік беру.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ шығармашылық мамандықтар студенттерін, сондай-ақ өздерінің шығармашылық бизнесін дамытуға қызығушылық танытатын тұлғаларды осы курстарға ТЕГІН қатысуға шақырады. Оқыту тілі – ағылшын тілі. Курсты оқып тәмамдаған әрбір білім алушыға сертификат табысталады.

Онлайн тіркелу міндетті: https://www.creotalents.com/

Өткізілу күні мен уақыты: 2019 жыл 11-12 ақпан, сағ. 14:00 – 18:00.

Өткізілу орны: Астана қ. Қажымұқан көшесі 13, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ОЗҒ 6, ауд. 208.