«Әлеуетті қауіптен ұлттық мүдделерді қорғау» атты Халықаралық дөңгелек үстел

20 қыркүйек күні «Терроризмге қарсы әрекет ету: ҚР ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінде қылмыстық саясатты жетілдіру» атты қаржыландырылған жоба аясында (жобаның жетекшісі Б.Р. Сембекова) «Әлеуетті қауіптен ұлттық мүдделерді қорғау» тақырыбында Халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Семинар жұмысында Вроцлав университетінің (Польша) профессоры, з.ғ.д. Артур Лавничак қатысып, «Конституциялық-саяси құрылыстың бұзылуы ұлт пен мемлекетке төнген әлеуетті қауіп ретінде» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада Қазақстанның Конституциясы мен Польшаның Конституциясына салыстырмалы талдау жасалынды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық механизмдері, қоғамның үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін конституциялық принциптер ашып айтылды. Негізгі Заң –Конституцияның қасиеттері, оның тұрақтылығы мен өзгермейтіндігі ерекше атап өтілді. Конституциялық талаптардың бұзылуы әлеуетті қауіптің туындауының себептері мен салдары болып табылады.

Халықаралық дөңгелек үстелдің модераторы ретінде қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры, з.ғ.д. А.Б. Скаков сөз алып, ұйымдасқан трансұлттық қылмыстылықтың әлеуетті қаупіне баса назар аударып, оның механизмдерін, қарсы әрекет етудің тиімді әдістерін әзірлеудің өзіне тән белгілерін атап өтті.

Б.Р. Сембекова «Жеке тұлғаның антикриминалдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі криминалистикалық саясат» тақырыбында сөз алып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі тиімді басым бағыты ретінде жеке тұлғаның қауіпсіздігін және оны жүзеге асыру үшін техникалық-криминалистік, тактикалық-криминалистикалық және әдістемелік-криминалистік құралдарды атап өтті.

С.М. Баймолдинаның баяндамасы ақпараттық қауіпсіздікті ашуға бағытталды, оның ішінде ақпараттық технологиялар саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қылмыстық-құқықтық аспектілерін ашып көрсетті.

Дөңгелек үстелдің жұмысына заң факультетінің деканы, з.ғ.д., профессор С.К. Амандықова және қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Халықаралық дөңгелек үстел жұмысы жоғары әдістемелік деңгейде, пікірталас түрінде өтті.