«ҚазАқпарат» ХАА Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үздік дизайнерлік безендіруге конкурс жариялайды

«ҚазАқпарат» ХАА Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үздік дизайнерлік безендіруге конкурс жариялайды. 

Конкурстың мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын халық арасында кеңінен насихаттап, мәдени-рухани құндылықтарға бетбұрыс үшін Елбасы бастамасының танымалдылығын арттыру.

Конкурс материалдары қараша айының 1-інен желтоқсан айының 15-іне дейінгі аралықта қабылданады. Конкурсқа қатысушылар үшін жас бойынша ешқандай шектеу қойылмайды.

Сонымен қатар, аталған шара арқылы шығармашылық ортаны қолдай отырып, заманауи мәдениетті «Рухани жаңғыру» құндылықтарымен жақындастыра түсу көзделеді. 

Республикалық конкурс нәтижесінде үздік деп танылған туынды (графикалық иллюстрациялар) «Рухани Жаңғыру» тақырыбындағы әртүрлі декорацияларға, баспа өнімдеріне, киімдерге және тағы басқаларға қолданылатын болады. Сондықтан да, дизайнерлік идеялар негізінен «Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы құндылықтарға, атап айтқанда, 
1. «Бәсекелік қабілет»;

2. «Прагматизм»;

3. «Ұлттық бірігейлікті сақтау»;

4. «Білімнің салтанат құруы»;

5. «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы»;

6. «Сананың ашықтығы»

секілді алты бағытқа сай болуы шарт.

Әрбір қатысушы немесе ұжым аталған 6 бағыттың әрқайсысына тек 1 ғана жұмысын ұсына алады.

Конкурстың толық Ережесімен мына сілтеме http://www.inform.kz/kz/contest арқылы таныса аласыздар.