«Жаңғыру 3.0: Рухани Жаңғыру» тақырыбында сарапшылар кездесулері сериясынан Халықаралық ғылыми-практикалық конференция

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында аталған арнайы жобалардың қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бастамасы бар. Аталған жобаны іске асыру үшін «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры (үкіметтік емес, коммерциялық емес ұйым) құрылған.

«Ұлттық аударма бюросы» алдыңғы қатарлы ЖОО-мен бірлесе отырып, алғашқы 17 оқулықты аударып жатыр. Оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, дінтану, мәдениеттану, тіл білімі, антропология, экономика, менеджмент және кәсіпкерлік бағыттарын қамтыды. Аударма жұмысына тоқсаннан аса оқытушы ғалым, аудармашы, редакторлар мен баспагерлер тартылды.

Осыған орай, 2017 жылғы 20 қазанда Астана қаласында Еуразиялық интеграция институты мен Ұлттық аударма бюросы бірлесіп, «Жаңғыру 3.0: Рухани Жаңғыру» тақырыбында сарапшылар кездесулері сериясынан Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.

Конференция барысында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының іске асырылу барысын, аударма теориясы мен практикасының және латын әліпбиіне өтудің өзекті мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.

Өтетін орны: Астана, Достық к., 11, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы

Өтетін уақыты: 20 қазан, 2017 жыл, сағат 9:00