ЕҰУ-де алғашқы жұмыс берушілер форумында 150 компания бас қосады

2017 жылдың 26 сәуірінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Табысқа апарар жол» атты алғашқы жұмыс берушілер форумы өтеді, оған 150 компания мен Еуразия ұлттық университетіндегі жаратылыстану және техникалық саланың 3000-ға жуық түлегі қатысады.

Форумда «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «BI Holding» ЖШС, «KEGOC» АҚ, «Hyundai Premium Astana» ЖШС, «Астана Құрылыс сервис» ЖШС, «Астанателеком» ТҚО, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС, «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі, Астана қ. Ұлттық биотехнология орталығы және басқа да жетекші отандық компаниялар мен ұйымдар қатысады.

Форум міндетіне Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ түлектерінің жұмысқа орналасуына, практика өтуіне көмек көрсету жатады. Сонымен қатар форум аясында жұмыс берушілер түлектер және жоғары курс студенттерімен сұхбат жүргізеді.   

Өзара тиімді ынтымақтастық жүргізу мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жұмыс берушілер кеңесі құрылды, оның құрамына бизнес-құрылым өкілдері, университеттің білім беру мекемелері мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары енген. Алғашқы отырысы 2016 жылдың наурызында өтті. Бүгінгі таңда Еуразия ұлттық университетінің жұмыс берушілер қорында 840-қа жуық кәсіпорын мен ұйым бар.

Жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен сараптауға белсенді қатысады, студенттердің кәсіптік практикасына жетекшілік, дипломдық және магистрлік жұмыстарға қосалқы жетекшілік жасайды, сондай-ақ олар факультеттердегі түлектерді жұмысқа алдын ала бөлістіру бойынша комиссия мүшелерінің құрамына ене отырып, олардың болашақта жұмысқа орналасуына ықпал етеді.

Университет қызметінің тағы бір маңызды бағыты кәсіпорындар тапсырысы бойынша кадрлар дайындау болып табылады. Университет мақсатты даярлау туралы келісім жасау арқылы нақты кәсіпорынға қажетті мамандарды дайындайды. Осы оқу жылында ЕҰУ-де бейіндік магистратураның екі мамандығы бойынша алғашқы түлектердің оқу бітіргенін атап өткен жөн: 6М073000 «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру» ‒ 112 білім алушы, 6М074600 «Ғарыштық техника және технологиялар» ‒ 73 білім алушы. Университет пен өндіріс бірлестігінің нығаюында кәсіпорындар мен ұйымдар негізіндегі кафедра филиалдарының жұмыс жүргізуі үлкен рөл атқарды.

«BI Group» холдингінің «7-Я» құрылыс нысанында, Ақкөл қ. «Ғарыштық байланыс республикалық орталығы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және т.б. базасында техникалық бағыттағы мамандық білім алушылары мен түлектеріне арналған «көшпелі семинар-кеңес», мастер-кластар өткізу бизнес-құрылым мен университет арасындағы тиімді сұхбат алаңдарының біріне айналды.