ЕҰУ-де «Бос орындар жәрмеңкесі-2017» өтеді

2017 жылдың 17 наурызында cағат 10:00-де Еуразия ұлттық университетінде (Қ. Сәтпаев көш. 2, бас ғимарат, Л.Н. Гумилев атриумында) оқу ордасы студенттері үшін жылда кезекті Бос орындар жәрмеңкесі өтеді.

Биыл алғаш рет жәрмеңке педагогика, гуманитарлық ғылымдар, құқық, өнер, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес, қызмет көрсету саласында мамандар даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша өткізіледі.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де жыл сайын орташа есеппен алғанда гуманитарлық бағыттағы екі мыңға жуық маман оқу бітіретінін атап өту керек. Ең беделді гуманитарлық мамандықтар халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, құқық, сондай-ақ журналистика болып саналады.

Іс-шараға 150-ден астам жұмыс беруші қатысады, олардың арасында ұлттық компания, холдингтер, акционерлік қоғамдар, банк және мемлекеттік сектор өкілдері, корпорация, медиа-холдингтер, кәсіпорындар, ғылыми және қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік емес құрылымдар, бизнес-құрылымдар, оқу ұйымдары және басқалары болады.

Орташа есеппен алғанда Еуразия ұлттық университетін жыл сайын 4 мыңға жуық жас маман бітіріп шығады. Жұмысқа тұрғандар үлесі нарық талабына сай тұрақты түрде өсіп келеді: 2015 жылы ‒ 85%, 2016 жылы ‒ 87%.

Бүгінгі таңда ЕҰУ жұмыс берушілер қорында мыңға тарта кәсіпорын мен ұйым бар, олардың қатарында: «Агромаш Холдинг» ЖШС, «Хабар» агенттігі, Стратегиялық зерттеулердің қазақстандық институты, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, Республикалық физика-математикалық мектеп, ҚР Ұлттық музейі, Назарбаев зияткерлік мектептері, «Цесна Банк» АҚ, «Форте Банк» АҚ, «Атамекен» КҰП, «Қазақстанның Тұрғын үй жинақ банкі» және т.б.

Университет пен өндіріс бірлестігінің нығаюында кәсіпорындар мен ұйымдар негізіндегі кафедра филиалдарының жұмыс жүргізуі үлкен қадам болды. Университет мақсатты даярлау туралы келісім жасау арқылы нақты кәсіпорынға қажетті мамандарды дайындайды.

ЕҰУ түлектерінің жұмысқа орналасу жүйесін жақсарту мақсатында Жұмыс берушілер кеңесі жұмыс жүргізеді, ол университет дамуы мен жоғары білікті мамандар дайындаудың өзекті мәселелерін шешуде нақты ұсыныстар әзірлеу мақсатында жұмыс берушілер мен университет өкілдерінің арасындағы сұхбат алаңы болып табылады.