30 қыркүйекте ЕҰУ-дің студенттік «Шаңырақ» театры Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Мұңмен алысқан адам» қойылымын сахналайды

2014 жылдың 30 қыркүйегінде «Қарттар күнін» атап өту аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттік «Шаңырақ» театры драматург Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» драмасын ағылшын тілінде сахнаға қояды. Мұнда кешегі репрессия кезінде шетелге кеткен отбасының отанына деген сағынышынан бөлек мұңмен алысқан адамның тағдыры жатыр.

Бас кейіпкер – тағдырдың тәлкегімен туған елінен қашуға мәжбүр болған жан. Жағдайы жақсы, берекелі шаңырақтың ұйытқысы болып Парижде өмір сүріп жатқан қарт алыста қалған атамекенін аңсап, үнемі сағыныш құшағында күн кешеді. Туған жердің бір уыс топырағы бұйырса деп армандайды. Оқиға бір отбасының төңірегінде өрбиді. Жат елде туған елін аңсаған қарияның жан күйзелісін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театр сахнасында Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттік театры ұсынбақ.

Өтетін уақыты: Дөңгелек үстел сағат 10:00-де (Бас ғимарат, 259 ауд.), қойылым сағат 19:00-де.

Келіңіздер, көріңіздер!