Бүгін ЕҰУ-де «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің концерті өтеді

2014 жылдың 19 мамырында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің концерті өтеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәулескер күйші, композитор Секен Тұрысбек.

Өтетін орны мен уақыты: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ҚР Тұңғыш Президенті аудиториясы, сағат 17:00-де.

Анықтама. 1997 жылы Алматы қаласында Елбасымыздың қолдауымен “Ақ жауын” ұлттық ансамбілі құрылды. Оның еліміздің мәдениет пен өнерінің дамуына қосқан үлесі ұшан теңіз. 15 жылдан бері қажырлы еңбегімен, өнерлі өнерімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп келе жатыр. Оркестрдің көркемдік жетекшісі қазақтың дәулескер күйші композиторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Секен Кәрімұлы Тұрысбек.

Ұжым құрылғаннан бері аз уақыт ішінде республикадағы ең алдыңғы қатарлы ұжымдар санатынан көрініп Жапония, Қытай, Моңғолия, Франция, Германия, украина сияқты елдерге гастрольде болып, ең үздік сахналарда өнер көрсетті.

Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының, Халықаралық “Шабыт” фестивалінің лауреаты атақтарына ие болып, оған 2003 жылы 20 тамызда Үкіметтің қаулысымен РМКҚ “Ақ жауын” мемлекеттік камералық оркестірі атағы берілді. “Ақ жауын” оркестрінің іс-шаралары жайлы көптеген республикалық және жергілікті баспасөз беттерінде мақалалар жарық көріп, радиодан хабарлар беріліп, телеарналарда бейнесюжеттер көрсетілді. Қазіргі уақытта оркестр құрамында 30-дан астам өнерлі жастар жемісті еңбек етіп, халық өнерін насихаттауда, кәсіби орындаушылық шеберлігін одан әрі көтеріп жетілдіре түсуде және репертуарларын байытуда тынымсыз еңбек үстінде.