Республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар «NIF$50K» байқауына өтініштерді қабылдау басталды.

2013 жылдың 14 мамырынан бастап Республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар «NIF$50K» байқауына өтініштерді қабылдау басталды. «NIF$50K» байқауы – еліміздегі инновациялық белсенділікті насихаттау бағытындағы үздік жоба. Байқау ұйымдастырушысы – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар Министрлігінің қолдауымен «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық Агенттік» АҚ.

Байқаудың мақсаты – инновациялық белсенділікті қолдау және инновациялық кәсіпкерлікті насихаттау. NIF$50K байқауы елімізде алғаш рет 2005 жылы ұйымдастырылды. 2010 жылы байқаудың телевизиялық нұсқасы «Инновациялық форсаж» атауымен интеллектуалдық реалити-шоу ретінде жарық көрді. «Биылғы жылы байқаудың телевизиялық нұсқасы республикалық телеарналардың бірінен қыркүйек айында көрсетілмек. Соңғы екі жылда тележобаның сапасы жаңа сатыға көтерілді – деп атап көрсетті «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық Агенттік» АҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов.

Байқау шартына сәйкес, келіп түскен барлық өтініштен 15 үздік жоба таңдалып алынады. Бұл жобалардың авторлары бірден телешоу қатысушысы атанады. Ал, өз тарапынан, ұйымдастырушылар аталған жобалардың жүзеге асуы үшін ерекше күш салмақ. Белгілі жайттардың бірі, кез-келген өнертапқыш үшін негізгі қиындық – бизнес-жоспар құру, жобаның тиімділігін қарапайым түрде түсіндіру, өз өнертабысына инвесторлардың қызығушылығын ояту. Осы кедергілерді жою мақсатында жоба барысында өнертапқыштарға кәсіби бизнес-жаттықтырушылар үнемі кеңес беріп отырады. «Үздік төрттік» қатарына кіретін шетелдік консалтингтік компания қатысушыларға бизнесті жоспарлау бағытында арнайы оқу шарасын жүргізеді. Байқау жеңімпазы – 7,5 млн. теңге, ал, 2 және 3 орын иегерлері – 2,5 және 1 млн теңге көлеміндегі грантқа ие болады.

Айдын Құлсейітовтің айтуы бойынша, халықтың инновацияға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. «Бұл инновациялық бизнес-жоспарлар байқауына келіп түсетін өтініштер санының артуынан аңғарылады. Егер, 2011 жылы барлығы 191 өтініш келіп түссе, 2012 жылы оның саны 298-ге жетті. Бұл 1,5 есе көп», -деді ол.

Биылғы жылы кез-келген өнертапқыш байқаудың www.nif50k.kz ресми сайты арқылы кәсіби кеңес алып, өз өтінішін онлайн режимінде бере алады. Оған қоса, өтініштер жергілікті облыс орталықтарында да қабылданады. Мамыр-шілде айларында «Инновациялық форсаж» атаулы арнайы автобус барлық облыстық орталықтарын аралап шықпақ.

Биылғы жылы Байқауды кеңінен насихаттау мақсатында басқа да бірнеше шара өткізу жоспарланып отыр. Мәселен, жобаны қолдауға эстрада жұлдыздары тартылып, бірнеше қалаларда веломарафон өтпек.

Толық ақпарат 27 мамыр күні инновациялық автобустың ресми аттандырылуы шарасында белгілі болмақ.

«Технологиялық дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ баспасөз қызметі:

тел/факс: +7 (7172) 57 71 94

8702 462 46 48