22 мамырда «Абылай хан және қазақ мемлекеттігінің стратегиялық мүдделері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының бастамасымен «Самғау – Астана» Қоғамдық қоры 2013 жылдың 22 мамыр күні XVIII ғасырдың ұлы тұлғасы, қазақ ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері – Абылай ханның (Әбілмансұр) туғанына 300 жыл толуына орай «Абылай хан және қазақ мемлекеттігінің стратегиялық мүдделері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

Конференцияның негізгі мақсаты – өз тәуелсіздігінің 20 жылын артта тастап, дамудың ұзақ мерзімді стратегиясына бет алған мемлекетіміздің тарих беттеріне үңіліп айшықты даталарды атап өту, ер басына күнтуған жаугершілік замандағы ұлт еркіндігі мен амандығы, халық біртұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен Абылай ханның қайраткерлігін, тұлғалық болмысын, ерлігін, мұрасын насихаттау. Абылай ханның өмір жолын, Қазақстан тарихының межелі сәттерін зерделей отырып, тәуелсіздігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, жастарға патриоттық тәрбие беру.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:

· Абылай хан тұсындағы қазақ мемлекетінің стратегиялық мүдделері;

· Абылай хан тұсындағы қазақ хандығының саяси тәуелсіздігі және сыртқы саяси бағдары;

· Абылай хан – көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты қолбасшы, дарынды дипломат.

Конференция қорытындысы бойынша материалдар жинағы шығады және қатысушыларға тегін таратылатын болады. Баяндамалар 2013 жылдың 22 мамырына дейін қабылданады.

Өтетін уақыты мен орны: 2013 жыл, 22 мамыр, сағат 09:00-13:00. Астана қаласы, «King Hotel Astana» қонақ үй кешені, «Grand Conference Hall» мәжіліс залы, Уәлиханов көшесі, 7.

Ақпараттық хат