13 наурызда ЕҰУ-де қытай тілінің арнайы дәрісханасы ашылмақ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінде Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолддауымен жабдықталған «Қытай тілінің арнайы дәрісханасының» ашылу рәсімі 2013 жылдың 13 наурызында сағат 15:00-де филология факультетінде өтеді (Астана қ., Қажымұқан көшесі 11, Оқу-зертханалық ғимараты, 319 ауд.)

Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қатынас орнағаннан кейін, екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыс сан-сала бойынша қарқынды даму үстінде. Осыған орай Қазақстанда қытай тіліне деген қызығушылық та күн санап артып келеді. Екі ел арасындағы қары­­м-қатынастың осындай тез қарқынмен дамуына ілесіп, Қазақстанның еңбек нарығында қытай тілі мамандарына деген сұраныс та барған сайын арта түсуде. Осыны ескерген университет басшылығы филология факультетінің жанынан 2011 жылдың 13 қаңтарында қытай тілі кафедрасын ашқан болатын. Қытай тілі кафедрасы екі жыл бойына «Шетел филологиясы: қытай тілі» мамандығы бойынша бакалаврлар даярлап келеді. Сондай-ақ, қытай тілі кафедрасы ҚХР-ның Қазақстандағы елшілігімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның бір айғағы ретінде өткен жылы Қытайдың Қазақстандағы елшілігі кафедра ұстаздарының шәкірттерге сапалы білім беруіне қолдау көрсету үшін заманауи технологиямен жабдықталған қытай тілінің арнайы дәрісханасын ашып беруге уағдаласқан болатын. Жақында ҚХР елшілігінің демеушілігімен «Қытай тілі арнайы дәрісханасы» толықтай жасақталып болды.

Дәрісхананың ашылу рәсіміне еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайреткерлері, ҚР Парламент депутаттары Ә.Ахметов, Қ.Сұлтанов, И.Адырбеков, Ж. Кәріпжанов, ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу Ли, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықов және де БАҚ өкілдері қатысады деп күтілуде.