ҚР ҰҒА академигі М.Серғалиевтің 75 жылдығына арналған «Қазақ тілі – рухани өзегіміз» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді

2013 жылдың 13 наурызында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастыруымен қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ЖОО-ның үздік оқытушысы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің, Қазақстан ғылымы мен техникасына аса көрнекті үлес қосқаны үшін берілетін мемлекеттік стипендияның иегері, еліміздегі бірнеше жоғары оқу орындарының құрметті профессоры М.Серғалиевтің 75 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция өтеді.

М.Серғалиев – қазіргі оқу үдерісінде кеңінен қолданылып жүрген «Қазіргі қазақ әдеби тілі» (1991; 2006) оқу құралын, «Синтаксистік зерттеулер» (2004, 2006); «Синтаксис мәселелері» (2006), «Стилистика негіздері» (2006) т.б. зерттеу еңбектерінің авторы. Сонымен қатар, «Орысша-қазақша сөздік» (2001, 2003) және «Қазақша-орысша сөздіктерді» (2004) құрастырды. Ғалым еркін сөз тіркесі мен тұрақты сөз тіркесінің арақатынасы мәселелеріне байланысты өзіндік пікірлерін авторлар ұжымы дайындаған «Қазақ грамматикасы» (2002) еңбегінің «Сөз тіркесі», «Құрмалас сөйлем» және «Күрделі синтаксистік тұтастық» тарауларында ұсынды.

Профессор М.Серғалиев студенттерге қазақ тілінің стилистикасынан дәріс оқыды және жинаған ғылыми-әдістемелік тәжірибесі мен тіл білімінің соңғы жылдарғы табыстарын назарға ала отырып, «Стилистика негіздері» оқулығын жазып шықты (2006).

Ғалымның 2005 жылы С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, З.Шашкин, С.Шаймерденов, танымал сыншы М.Қаратаев сияқты қаламгерлер тілінің стилін қарастырған «Көркем әдебиет тілі», 2003 жылы Ғ.Мүсіреповтің шешендік өнерін алғаш рет зерттеу арқауына айналдырған «Ғ.Мүсірепов және тіл мәдениеті» атты еңбегі жарық көрді. 2006 жылы «Өнеге» кітабы мен баспасөз беттеріндегі М.Әуезов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ш.Есенов, К.Аханов, З.Қабдолов, Е.Букетов бастаған көрнекті ғылым қайраткерлері, С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, А.Тоқпанов бастаған театр тарландары, мектептегі шәкірттік жылдар туралы естеліктері мен эсселері жарияланады.

М.Серғалиевтің 75 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция аясында М.Серғалиев атындағы аудитория ашылады.

Конференцияға елімізге танымал қоғам қайраткерлері Ә.Кекілбаев О.Асанғазы, А.Смайыл, Ә. Ахметов, М. Жолдасбеков, Ж. Әбділдин және еліміздің ЖОО өкілдері, ғалымдары қатысқалы отыр.

Өтетін уақыты: 13 наурыз, 2013 жыл. сағат 10.00.

Өтетін орны: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қажымұқан көшесі, 11

Оқу-зертханалық ғимарат, 204 дәрісхана

Байланыс тел.: 70-95-00 (32 208, 32 309), 8 701 365 72 62